13.12.2023
Машина жасаушылар одағының Үйлестіру кеңесінде Кешенді жоспардың орындалу барысы талқыланды

2023 жылғы 12 желтоқсанда ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Қазақстан Машина жасаушылар одағы Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті, онда Машина жасауды дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарының міндеттері, отандық машина жасауды жетілдіру перспективалары және саланың бірқатар жүйелі мәселелері талқыланды.

Отырысқа үйлестіру кеңесінің мүшелері: ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері, ұлттық компаниялардың және жетекші отандық кәсіпорындардың басшылары қатысты.

Кеңес отырысын ашқан премьер-министрдің бірінші орынбасары – Үйлестіру кеңесінің төрағасы Роман Скляр биыл машина жасау саласы үшін өте жемісті жыл болғанын атап өтті. Президенттің тапсырмасымен Үкімет алдағы 5 жылда машина жасау саласын жаңғыртуға мүмкіндік беретін Кешенді жоспар әзірлеп, бекітті. Кешенді жоспардың негізгі іс-шараларына шикізатпен басымдық беру тетігін енгізу, қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру, салық заңнамасын жетілдіру, машина жасау өнімдерін өткізуді ынталандыру кіреді.

Қазақстан машина жасаушылар одағы басқармасының төрағасы Мейрам Пішембаев Үйлестіру кеңесінің өткен отырысында берілген хаттамалық тапсырмаларды орындау бойынша жұмыс қорытындылары, Кешенді жоспарды әзірлеу және бекіту негізгі оқиға болған Одақтың ағымдағы қызметі, сондай-ақ алдағы жұмыс жоспарлары туралы баяндады.

Кешенді жоспар 7 бағыт бойынша 79 іс-шараны қамтиды. Нысаналы индикаторлар: өндіріс көлемінің 4,5 есе өсімін қамтамасыз ету және ақшалай түрде 11-12 трлн теңгеге дейін жеткізу, 2028 жылға қарай жалпы қосылған құнды 1,3-тен 5,9 трлн теңгеге дейін, НКИ-ді жылына кемінде 10%-ға, экспорт көлемін 3 есеге, еңбек өнімділігін – 1,9 есеге, инвестицияны – 1,5 есеге жеткізу.

Өз кезегінде Үйлестіру кеңесінің мүшесі, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев қабылданған Кешенді жоспардың маңыздылығын атап өтіп, оны жүзеге асыру еліміздің барлық өңдеу өнеркәсібін дамытуға ықпал ететінін баса айтты. Оның айтуынша, 2023 жылы сала Үкіметпен бірлесе отырып, отандық кәсіпорындарды қолдау және ел ішіндегі құндылықты арттыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарған.

Машина жасау кәсіпорындарының басшылары Мақсат Қанатбаев пен Еркебұлан Ильясов елде бизнес жүргізу жағдайларын одан әрі жақсарту бойынша өз бастамаларын баяндады.

Талқылау барысында ҚР ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов, мемлекеттік сатып алу заңнамасы департаментінің директоры Ерлан Сеитов салықтық жеңілдіктерге және ұлттық режимнен шығару механизмін жетілдіруге қатысты мәселелер бойынша түсінік берді.

ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев бүгінгі таңда машина жасау саласы елдің өңдеу секторын жаңғырту драйвері ғана емес екенін, сондай-ақ инвестициялық тартымдылық бойынша көшбасшылар үштігіне кіретінін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда саланың дамуын кідіртетін мәселелер жоспарлы түрде шешілуде.

Отырысты қорытындылай келе, Роман Скляр 2023 жылы машина жасау саласының орнықты өсу серпінін атап өтті. Мәселен, 10 айда өндіріс көлемі 3,3 трлн теңгені құрады. НКИ өсімі – 27%. Инвестиция көлемі – 155 млрд теңге. Биылғы 9 айда экспорт көлемі $2,8 млрд-қа жетіп, өсім өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43%-ды құрады.

Үйлестіру кеңесінің төрағасы сондай-ақ Кешенді жоспарды іске асыру бойынша алдағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, барлық мүдделі мемлекеттік органдарды жүктелген міндеттерді орындауға жауапкершілікпен қарауға шақырды.